Шығыс Қазақстанда адам папилломавирусына қарсы вакцинация туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Вирустың онкогендік штамдары ауыр дертті – жатыр мойны обырын тудыратыны ғылыми дәлелденген.
Бүгін Серікбаева атындағы ШҚМТУ конференц-залында білім беру жүйесінің қызметкерлері үшін семинар өтті, семинар барысында педагогтарға адам папилломавирусының қауіптілігі және одан қалай қорғануға болатыны туралы айтылды.
Жатыр мойны обыры-вакцинация арқылы алдын алуға болатын жалғыз онкопатология. Семинар барысында ШҚО көпсалалы Онкология және хирургия орталығының маммология және онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Серик Мухамеджанов атап өткендей, Қазақстанда қолданылатын «Гардасил» вакцинасы әлемнің 140-тан астам елінде тіркелген және белсенді қолданылады.
– Қыздарды АПВ-ге қарсы вакцинациялау енгізілген елдерде жатыр мойны обырының өте төмен жиілігі тіркелуде – 100 мың тұрғынға шаққанда 4 жағдай – деді Серик Мухамеджанов. – Салыстыру үшін, Қазақстанда аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 19 жағдайды құрайды. Біз болашақта әйелдеріміздің дені сау және аурудан қорғалғанын қалаймыз. Ол үшін қазір нақты шаралар қабылдау қажет.
ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сауле Слямгазинаның айтуынша, вакцинация басталғаннан бері 10 күнде 396 қыз вакцинаны алған. Вакцинация ата-аналарының келісімімен, мектептер мен медициналық ұйымдардың егу кабинеттерінде жүргізіледі.