ШҚО онкологтары баспасөз конференциясында сүт безі обырын емдеудің заманауи мүмкіндіктері туралы айтты

Өңірлік коммуникациялар орталығында ШҚО ДСБ штаттан тыс бас онкологы, ШҚО көпсалалы «Онкология және хирургия орталығының» директоры Гульмира Сагидуллина және ШҚО КОжХО маммология және онкогинекология бөлімшесінің меңгерушісі Серик Мухамеджанов қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Журналистермен кездесуде спикерлер сүт безінің қатерлі ісіктерін диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері туралы айтты.

«Қызғылт қазан» – дүниежүзілік сүт безі обыры туралы хабардар болу айы.

Бір ай ішінде онкологиялық орталығының мамандары Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде онкопатология құрылымында басты орын алатын ауыр дерт туралы айтып, түрлі акциялар өткізді.

Осы жылдың 9 айында ШҚО-да сүт безі обырының 214 жаңа жағдайы анықталды. Басым көпшілігі – жағдайлардың 90,5% – бастапқы кезеңдерде диагноз қойылған. Бұған онкоскрининг бағдарламалары мен емханалардағы тексеру кабинеттерінің жұмысы ықпал етеді. Сүт безі көрнекі орган болып табылады, сондықтан тиісті профилактиканы сақтау кезінде – жыл сайынғы жоспарлы тексерулер, ай сайын сүт бездерін тексеріп отыру-ауруды дамудың басында анықтауға болады.

– Онкологиялық орталықта пациенттерді емдеу дербестендірілген түрде жүргізіледі, – деді Гульмира Сагидуллина. – Ісіктің морфологиялық түрі ғана емес, сонымен қатар оның иммуногистохимиялық, молекулалық-биологиялық қасиеттері де ескеріледі. Шешім көпсалалы топтың отырысында қабылданады, онда 10-ға жуық маман, оның ішінде хирургтар, химиотерапевтер, радиациялық онкологтар анамнезді талдайды және емдеудің ең тиімді тактикасын таңдайды.

Соңғы бірнеше жылда Қазақстан медицинасы сүт бездерінің қатерлі ісіктерін емдеу бөлігінде алға қадам басты. Серик Мухамеджанов атап өткендей, бүгінгі таңда, обырды ерте сатысында диагноз қойып емдеу кезінде, ШҚО КОжХО-да ағзаларды сақтау операциялары жүргізіледі, сондай-ақ сүт бездерін қалпына келтіру үшін реконструктивті-пластикалық хирургия қолданылады. Хирургиялық араласудан кейін науқастарды оңалтуға көп көңіл бөлінеді.