Онкологиялық орталықта Шығыс Қазақстанның шалғай ауылдарының тұрғындарын кешенді тексеру бағдарламасы жалғасуда. Осы сенбіде Үлкен Нарын ауданының 20-дан астам тұрғыны чек-ап тапсырып, денсаулық жағдайы туралы білді.
Бұған дейін Күршім, Катонқарағай және Марқакөл аудандарының тұрғындары осындай акцияларға қатысқан болатын. Іс-шаралар аймақтың шалғай аудандарындағы тұрғындардың қысқа мерзімде сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бір-екі сағаттың ішінде Үлкен Нарын тұрғындары жалпы қан анализін тапсырды, кеуде қуысының рентгенографиясынан, сүт бездері мен жамбас мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеуінен, маммографиядан өтті, сондай-ақ гинеколог пен маммологтың кеңесін алды.
– Біз халыққа осы қолдауды көрсетуге қуаныштымыз, өйткені ауыл тұрғындарының зерттеуден өту үшін өз елді мекенінен тыс жерлерге шығуға мүмкіндігі бола бермейді, – деді онкологиялық орталықтың клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Нұрғалиева. – Біз ауруларды ерте анықтауға немесе олардың дамуын болдырмауға көмектесетін оңтайлы зерттеулер жиынтығын анықтадық.
ШҚО әкімдігі Онкологиялық орталықпен бірлесіп шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын тексеру бағдарламасына бастамашылық жасады. Қабылдау кезінде дәрігерлер қатерлі ісіктердің алдын-алу, скринингтердің маңыздылығы және онкологиялық сақтық туралы айтады.