Онкоорталықтың мамандары «ОнкоРенессанс 2024» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына қатысты

Алматыда Қазақстан Республикасының онкологтар қауымдастығы және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының медициналық онкологтар мектебі ұйымдастырған «ОнкоРенессанс 2024»: Күзгі сессия» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Іс шараға директор Гульмира Сагидуллина бастаған ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары қатысты.

Бұл алаң Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Испания, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей және басқа елдерден келген онколог-дәрігерлерді, ғалымдарды, химиотерапевттерді, хирургтарды, рентгенологтарды біріктірді. Бірнеше күн бойы қатысушылар онкологиялық көмек көрсету ерекшеліктері, қатерлі ісік диагностикасы мен емдеуде қолданылатын заманауи медициналық технологиялар, онкологиядағы менеджмент және т. б. өзекті тақырыптарды талқылады.

Айта кету керек, онкологиялық орталық мамандарының құрамындағы делегация ең көп болғандардың бірі болды. Конференцияда біздің онкологтар тәжірибе алмасуға, әріптестермен тікелей қарым-қатынас форматында түрлі мәселелерді талқылауға, сондай-ақ өз жетістіктерімен бөлісуге тамаша мүмкіндік алды. Онкологиялық орталықтың директоры Гульмира Сагидуллина «Онкологиядағы менеджмент» секциясында өкпе обыры скринингінің пилоттық жобасының қорытындылары туралы баяндама жасады. Онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Жандос Магзумов «Бас және мойын ісіктері» секциясында қалқанша безге эндоскопиялық операциялар туралы баяндама жасады. Онкологиялық орталық мамандарының сөз сөйлеуі конференцияға қатысушылардың арасында жоғары бағаланды.